Меню KDT
" ...Қазына халықта. Ғылымның басты мақсаты – сол қазынаны халықтың өз кәдесіне жарату." - Әлкей Марғұлан

Білгенің абзал!


"Отан-ана"

 (Камиланың «Көшбасшы - оқушы» 2015 конкурсына жазған эссесі)

Отан... Осынау сөзді естігенде тасымайтын қан, туламайтын жүрек жоқ, сірә, шамасы. Отанға деген шексіз махаббатын жырына арқау етпеген ақын, әніне қосып шырқамаған әнші, туған ел көрінісін қағаз бетіне бейнелемеген суретші бұл дүниеде кемде-кем. "Отан отбасынан басталады", "Туған жердей жер болмас, туған елдей елдей ел болмас", "Отан оттан да ыстық" сынды дана халқымыздың қанатты сөздері біздің бойымызға балалық шақтан бері ананың сүтімен, атаның қанымен бойымызға тарап,құлағымызға сіңігені рас.  Күнделікті тұрмыста қолданып,  көркем әдебиет парақтарынан "отан-ана" ұғымын жиі кездестірсек те, оның терең мағынасына үңіліп, өмірлік мәнісін ұғынуға, тұңғиығына бойлауға бәріміз бірдей тырыса бермейміз. Осынау тіркестің құдіреттілігін айқындап, туған елге деген тағзымды тереңдетіп, махаббат пен сыйластықты екі еселеген, бойымдағы асқақ рух пен  тылсым күшті оятқан оқиғаны баяндайын сіздерге.

Жаздың жайма шуақ күндерінің бірі болатын. "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" деген ұстаныммен, жазғы демалыс кезіндегі алтын уақытымды зая кетірмей, шет тілі үйірмесіне жазылған болатынмын. Тәлімгер ұстазымыз мың рет естігенше, бір рет көрейік, яғни ағылшындардың Лондон қаласына барайық деген ұсыныс білдірді. Оқушылардың қуанышында шек болмады. Бәріміз ойланбастан келісе кеттік. Шынымды айтсам, мен де қатты қуандым, күн санап, сапарға тезірек аттанғым келіп тұрды. Сонымен жолымыз ашық болып, ұшақпен көзді ашып жұмғанша алып Лондонның төрінен бірақ шықтық. Жаңа жер көріп, ел көріп, ой-өрісімізді кеңіткенмен, қарасаң көз тоймайтын  әсем жерлерді араласақ та, менің көңілім жай таппады. Жаным жалғызсырап, анамның аяулы алақаны, әкемнің жомарттығы, қазағымның сары даласының дархандығы жетіспеді.  Жүрегімді қаяу шалды, өзімді тордағы құстай сезіндім, тынысым тарылып, өзге әлемге тап болғандай күй кештім. Мөп-мөлдір, тұнық сөздерімізді естігім келіп, жанары мейірімге толы қазақ ағайынын аңсадым. Отбасымды, яғни отанымды сағындым. Шет елде болған бір апта маған аяқталмас бір ғасырдай болып көрінді. Қайтар күннің алдында біз тобымызбен "Лондонның ұлттық мұражайына" ат басын бұрдық.. Ағылшын мәдениетімен жіті таныса жүріп, алып ескерткіш жанында ойға батып тұрған қой көзді бойжеткен көзіме жылы ұшырасты. Бойынан бір жылулық сезіп, жанына барып танысуды ұйғардым. Бірден танысып, әңгімеміз жараса кетті. Сөйлесе келе, оның ұлты да қазақ, туған жері де Қазақстан екенін біліп, қатты таңғалдым. Оның айтуы бойынша, азан шақырып қойған аты Қаламқас, 5 жасында шетел азаматтары оны асырап алған екен. Қазіргі аты Кэти. Өз тілін ұмытқан, әрине, оған артылар кінә, тағылар мін жоқ. Мені өзінің туған сіңілісіндей көріп, Қазақстан туралы қайта-қайта сұрастырды.  Көздерінен қуаныш пен мұңды қатар байқадым.  Сол жарты сағат ішінде қолымнан келгенше туған елі туралы айтып, қазақша бір-екі сөз болсын үйретіп калғым келді. Ол әрбір сөзді мұқият тыңдап,жанына қабылдағысы келді. Қоштасатын сәтте келді. Оның соңғы айтқан сөзі менің жанымды тербеп, жүректі қозғады. «Жүрегім әрқашан сендермен бірге, қазақ деп соқпақ! Бірнеше жылдан кейін туған еліме жұмыс істеуге келемін, отанымды көркейтемін, қазақ тілін өзің үйретесің ғой",-деп қалжыңдап қояды.

Жол бойына жақ ашпадым, түрлі ойлар санамды торлады. Қолда бар алтынның қадірін ұғып, отан ана алдындағы борышымды сезіндім. Бұл сапар мен үшін өмірлік сабақ болды.Ұшақтан түсіп, туған жердің топырағына аяғым тиген сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, туған елдің ауасы да бөлек қой, шіркін! Өзімді көкте қалықтаған қыран құстай сезініп, тұла бойымды сағыныш билеп, жаным шаттықтан ән шырқады.  Біз бақытты ұрпақпыз! Бүгінде ұлтымыз да, тіліміз де, дініміз де азат! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда, бір шаңырақ астында тату-тәтті, бейбіт өмір сүрудеміз. Тағылымы терең тарихымызбен, аса қастерлі салт-дәстүрімізбен мақтанамыз. Ата-баба рухын дәріптейміз. Олай болса, біз де, жас ұрпақ, туған елге деген құрметімізді отанды көркейту арқылы білдірейік! Ал мен отан алдындағы парыздың іргетасын шексіз махаббаттан қалаймын. Ал сіз ше?..

 Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектебінің 
10 «Ә» сынып оқушысы
Еманғалиева Камила Асқарқызы




                                                                 

 Шешендік сөз

Кісі сөз өнерін білетін, шешен болуға тиіс. Ей, перзентім, сен де шешен бол, сөйлей білгін, бірақ жалған сөйлеме, сөйлесең, шындықты сөйлеп, туралықты айтумен атағың шықсын.
Ей, перзентім, білгенің жөн, адам үш түрлі, сөз төрт түрлі болады. Адамдардың бірінші түрі біледі және білген сайын білгісі келеді, бұлар ғалымдар тобына жатады. Бұлардың айтқанына тәнті болу керек. Екінші түрі  біледі, біле тұра білмеймін дейді. Бұлар ұйқыдағы зұлымдар, олардан сақ болған жөн. Үшіншісі білмейді және білгеннің тілін алмайды. Олар ессіз, надандар. Бұл сияқтылардан аулақ жүру керек.
Сөз төрт топқа бөлінеді. Біріншісі – білуге де, айтуға да қажеті жоқ сөздер. Екіншісі – білуге де, айтуға да қажетті сөздер. Үшіншісі – білуге қажеті жоқ, бірақ айтуға болатын сөздер. Төртінші – білу керек, бірақ айтуға қажетсіз сөздер. Дүниенің бар жақсылығы – айту және білу үшін қажетті сөздерге тән қасиет. Бұл сөздер дүние үшін пайдалы болып, айтушыға да, тыңдаушыға да мән-мағынасы әсерлі болуға тиіс.

Төрт түрлі сөздің ең абзалы – білуге де, айтуға да қажетті сөздер.

 «Кабуснама» еңбегінен. Авторы: Кейқаус.

                                                                               ***
                                                                       Оқушы ережесі
1. Сабақтан себепсіз қалмау, 15 минут бұрын келу, кешікпеу. Ауырып қалған жағдайда күні бұрын сынып жетекшіге ескерту.
2. Күнделікті сабаққа үнемі терең, жан-жақты дайындықпен келу.
3. Сыртқы бейненің қалыпты жағдайын сақтау:
-          қыз баланың ақ блузка, қаракөк түсті юбкамен келуі.

-          ер баланың ақ көйлек, қаракөк түсті костюм шалбармен келуі.
4. Қажетті оқу құралдары мен (оқулық, дәптер, күнделік, қаламсап, даярша, қарындаш т.б.) арнайы оқу сөмкесімен келуі.
5. Маусымдық  жер жағдайының ластығына байланысты міндетті түрде екінші аяқ киімді арнайы дорбаға салып әкелу.
6. Сізден талап етіледі:

А) үзіліс кезінде қабаттан – қабатқа бос жүгірмеу, алыспау.

Ә) сынып жетекшінің ескертпелеріне көңіл бөлу.

Б) оқушы күнделігін қалыпты, таза ұстау, уақытылы толтыру.

В) оқулық кітаптарын таза, шималамай, жыртпай, қаптап қолдану.

Г) сабақ уақытында ұялы телефон қолданбауға.
7. Оқу бағдарламасындағы сабақ үрдісіне дайындықпен келу, жеке тұлғаны дамытудағы арнайы үйірмелерге қатысу, терең білім алудың өзіндік міндеттерін қалыптастыру.

                                                                                                              «Тәртіпке бас иген құл болмайды»    
                                                                                                                                Бауыржан Момышұлы

                                                                             ***

      "Қадірлі оқырман! Сіз оқығалы отырған мына шағын хиқаят менің қызықты да мұңды балалық шағымнан сыр шертеді. Шығарма шырайы шындығында демекші, осы хиқаятта баяндалған оқиғалар ойдан шығарылған дүниелер емес, менің басымнан өткен тағдыр. Хиқаятта аты аталған кейіпкерлер де кездейсоқ, қиялымда туған жандар емес, бірі бақиға аттанған, бірі фәниде сау-саламат ғұмыр кешіп жатқан адамдар. Мен осы шығарманы жазу барысында бір кейіпкерлерімді жақсы жағынан көрсетіп, екіншісін әжуалап, жамандауды мақсат еткем жоқ. Керісінше, басымнан кешкен оқиғаларды, бүлдіршін кезімнен жадымда сақталған үзік-үзік естеліктерді әдебиетсүйер қауымға жеткізгім келді. Хиқаятты оқуға жеңіл, көп жерінде оқырманды мұңайтқаннан гөрі күлдіргенді жөн көріп жазуға тырыстым. Сондықтан, егер осы хиқаятта аты аталған кейіпкерлердің туған-туыстарының, құда-жекжаттарының, жора-жолдастарының, бала-шағаларының намысына тиіп кетсем, ол оқырмандарымнан алдын-ала кешірім сұраймын. Сонымен, бақидағы кейіпкерлеріме дұға бағыштап, тірілеріне ұзақ ғұмыр тілей отырып, сізді, құрмет оқырман, менің балалық шағыма сапар шегуге шақырамын." - Ақберен Елгезек.   

"Болмаған балалық шақ"






Разработчик ТОО "BenchMark Consulting". © Все права защищены. 2015-2016 год